Yessenov Language Center – Yessenov University-дің тілдік білім беруді дамытуға бағытталған жобаларының бірі. Орталықтың негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушылардың тілдік дайындығын жетілдіру, ағылшын тілін оқытудың халықаралық стандарттарын енгізу және университеттің тілдік ортасын дамыту.
Студенттер үшін орталықта академиялық ағылшын тілі мен IELTS емтиханына дайындық курстары ұйымдастырылады. Бұл курстар білім алушылардың академиялық және кәсіби ортада ағылшын тілін тиімді қолдануына, халықаралық емтихан талаптарына дайындалуына және тілдік деңгейін жүйелі түрде арттыруына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталықта әртүрлі тілдік деңгейдегі білім алушыларға арналған тегін пікірталас клубтары жұмыс істейді. Бастапқы деңгейдегі студенттерге, университет қызметкерлеріне және жоғары деңгейдегі білім алушыларға арналған клубтар ауызша сөйлеу, пікір білдіру, өз ойын дәлелдеу және еркін коммуникация жасау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Оқытушылар үшін де кәсіби даму курстары ұсынылады. Олардың қатарында пән мұғалімдеріне арналған ағылшын тілі, ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған әдістемелік курстар, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру, шет тілін оқытудың коммуникативтік әдістемесі және ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындық бағыттары бар.
Yessenov Language Center қызметі факультеттің тілдік білім беру бағытын толықтырып, студенттер мен оқытушылардың кәсіби және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

